• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Ақпан, 2018

Ақтөбе аймағында «Алғыс айту –  парыз» атты апталық басталды

746 рет
көрсетілді

Алғыс екі жаққа да, яғни оны айтқандарға да, қабылдағандарға да жағымды жайт. Адамның көңілі мен мерейін өсіретін, ішкі жан сарайын жылы нұрға толтыратын сәт. 1 наурыз елімізде Алғыс айту күні деп белгіленгені мәлім. Соның құрметіне Ақтөбе аймағында тақырыпқа шығарып отырғанымыздай «Алғыс айту –  парыз» атты апталық өткізілуде.

Бұл игі шараға Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ бастамашы болып отыр. Оның аясында соғыс және еңбек ардагерлеріне және мүмкіндігі шектеулі жандарға моральдік және материалдық тұрғыдан әр түрлі көмектер көрсетілуде. Аталған датаның көктемнің алғашқы күніне сәйкес келуі тектен тек емес. Дәл осы күні Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес Қазақстан Халқы Ассамблеясы құрылды. Ойды ой жалғайды. Тағдырдың тәлкегіне тап болып қасиетті қазақ жеріне еріксіз жер аударылған этнос өкілдері қаншама?! Олардың қазақ халқына айтатын алғыстары шексіз екені анық. Соның басты бір белгісі мен көрінісі өткен жылы тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Ақтөбе қаласында «Қазақ халқына мың алғыс» атты көкке бой созған, ұшар басында қалықтаған қыранның бейнесі бедерленген келісті кешеннің тұрғызылғаны деуге болады. Бір сөзбен айтқанда бұл күн ынтымақ пен қайырымдылықтың және мейірімділік пен төзімдіктің таптырмас үлгісін білдіре алатыны анық.

Міне, дәл осындай мақсатта бүгінгі күні өнеркәсібі өркендеген өңірде сан қырлы іс-шаралар кеңінен қанат жайып отыр. Сондай-ақ апталық аясында аз қамтылған және көп балалы отбасыларға қайырымдылық көмектер көрсету ісі де қоса атқарылуда, - дейді Қазақстан халқы Ассамблеясы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Еркін Құрманбек. Ал кәріс ұлтының өкілі еліміздегі білім беру ісінің ардагері Елизавета Ким газет тілшісіне өз тілегін былайша жеткізді:

«Қазақстан көптеген этнос өкілдерінің басын біріктіріп отырған ізгі мемлекет. Этностық ерекшелігімізге қарамастан біз бәріміз де қазақстандықтармыз. Біздің ортақ отанымыз – Қазақстан. Мұнда еркін, азат тәуелсіз елде Алғыс айту күні белгіленуінің маңызы зор, мәнісі терең. Осындай мерекеге татитындай күн адамдарды бір біріне одан сайын жақындастыра түседі. Әрі бір біріне деген құрметі мен сыйластық сезімін тереңдете алады. Біздің барлық жетістіктеріміз ең алдымен осындай ынтымақ пен ауызбіршіліктің арқасында деп есептеймін. Соның ішінде бір кездері депортацияға ұшыраған кезде қазақ жерінен пана тапқан Корей халқы өкілдерінің қазақ халқына айтатын алғысы мол», деп аяқтады өз ризашылығын Е.Ким ханым.

Сондай-ақ аймақта Алғыс айту күніне арналған апталық аясында мемлекеттік тілді және Қазақстан этностары тілдерін оқытатын жексенбілік мектептерде тегін дәрістер тыңдалды.

Темір Құсайын

«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе